Қазақтың салт-дәстүрлері

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
қазақтың белгілі жазушысы, академик, профессор
Халықтың тәрбиелік дәстүрлері
Амандасу салты: Амандасу салты қазақ халқының ең үлкен дәстүрінің бірі. Үлкені мен кішісі бір-бірімен кездескенде амандасады. Амандасу салты «Ассалаумағалейкүм!» деген сөзден басталады. Бұның мағынасы жақсы тілекті білдіреді: «Сізге Алланың нұры жаусын» деген сөз. Бұл сөзді жасы үлкен ер кісілермен әр түрлі жастағы ерлер амандасқанда жиі қолданады. Тілегін қабыл алып, қарсы адам: «Уағалейкүмассалам!» деп оң қолын ұсынады. Ол «Алланың рақымы сізге де жаусын!» деген сөзді білдіреді.
Ауызашар:Ауыз бекіткен яғни ораза ұстаған адамдарға құрмет көрсетіледі, сыйлайды. Сонымен кешкілік күн батқан соң оларды «ауызашарға» шақырып, дәмді, сыбағалы тағамдар ұсынып, сауабын алады. Ораза ұстағандарды шақыру қасиетті дінімізді де, оған бас июшілерді де құрметтеудің белгісі.
Отбасылық тойлар: Тойлардың рәсімі. Ерлі-зайыптылардың бірігіп біршене жыл өмір сүргенде жасалатын үлкен той. Тойға үлкендер мен жастар шақырылып, жақсы тілектерін білдіріп жатады. Мұндай ұзақ жыл тату-тәтті бірге тұрған отбасылар жастарға үлкен өнеге болған.
25 жыл – күміс той
50 жыл – алтын той
70 жыл — гауһар той – деп аталады.
Асар: Қазақ халқының өміріндегі еңбек үрдісіне байланысты туған бұл ізгілікті дәстүр бойынша, белгілі бір шаруаны үлкен-кіші демей, барлық ауыл адамдары болып бірігіп тындыратын болған. Көптің күшімен атқарылатын мұндай іс-әрекеттерді «асар» деп атаған.
Ауыз тию: Ауыз тию, дәм ауыз тигізу – қазақтың ежелден келе жатқан ғұрыптарының бірі. Үйіне кім келсе де, қазақ дәм ауыз тигізбей аттандырмаған. Әсіресе ертеңгі астан міндетті түрде ауыс тигізеді.
Ажырасараяқ: Ажырасараяқ деген сөздің қосылып, қысқартылған түрі. Ұзақ уақыт бойы ауылдас, қоныстас болып, тағдырдың жазуымен әлде ішкі отбасылық, өзгеде бір себептермен басқа мекенге қоныс аудармақшы шаңырақ, көшер алдында көрші-қолаң, ауыл-аймақ, туған-туыстарын шақырып, ажырасараяқ береді.
Ажырасараяқ беру арқылы көшетін шаңырақ ауылдастарына деген ақ, адал ниетін білдіреді, қимастық көңіл-күймен Алладан аман-есен көрістіруді тілейді.
Айып: Қазақта әлдебір жағдайда кінәлі, жазықты болып қалғандарға «ат-шекпен айыбын төлету» салты бар. Айыптың түрлері сан алуан. Болар-болмас жеңіл кінәлары үшін айыпкер той иесінің немесе өзі ренжіткен адамның айтқанын орындауы керек. Мәселен, көптің алдында кідіріссіз он аяқ қымыз ішу, т.б. «Ат-шекпен айып төлету» деген сөз тіркесі осыдан қалған.
Ақсарыбас: «Ақсарыбас» – адамның қауіп-қатерге ұшырағанда, жаны қысылғанда Аллаға айтқан құдайысы. Мұндай жағдайға ұшыраған адам «Ақсарыбас» деп үш рет айтуы керек. Аман қалған кісі осыдан кейін ел-жұртты шақырып, ақ сары бас қойды сойып, құдайы тамақ береді.
Ант : Өтініш-талап, келісім шарты. Адалдығына құран ұстап тұрып сендіру салты да бар. Мұның мәнісі өзінің ақтығын Алла атымен куәландыру болып шығады. Бағзы заманнан келе жатқан дәстүр.
Аманат: Кісінің аманатынан уақытында құтыл. Бір адамның екінші біреуге сақтауға берген бағалы заттары. Аманат – түбірі «аман» деген сөзден шыққан болуы керек. Аманатты сақтау және оны мезгілінде тапсыру зор адамгершілікке жатады. «Аманат – аман сақтайды» – дейді халық. Аманатқа қиянат жасамайды. Ол өте ауыр күнә деп есептеледі. Аманаттың бұрын ел аралық қатынаста да үлкен мән-маңызы болған. Көбінесе ол бірлік, татулық, бітім, жолына қызмет еткен.
Асату: Ет желініп болғаннан кейін төрде отырған ақсақал табақта қалған етті жас балалар мен жігіттерге асатуға тиіс. Бұрынғы кезде жас балалар «ет асаймыз» – деп, қонақ келген үйдің маңайында жүретін болған. Мұндай халықтық дәстүрді жазушы С.Мұқанов кең насихаттап, қолданып, жалғастырып отырған.
Келеді менің бата алып, көп жасағым,
Өз қолынан Сәбеңнің ет асадым.
(С.Мәуленов).
Ат құйрығын кесу: Ел арасында әртүрлі жағдайлармен қақтығысқан, енді көрместей болып біржола кетіскен, бітіспес адамдар өз елінен, туған-туысқандарынан безіп кетеді. Мұндай жағдайда ол өз атының қыл құйрығын кесіп, қолын төбесіне қойып елден шығады. Бұл енді келмеудің, ағайыннан, елден безінудің, ащы араздықтың, артына қарамай кетудің өліммен тең өте ауыр шарасы. «Ат құйрығын кесіп кетті» деген сөз осыдан шыққан.
Артынан топырақ шашу: «Кесепатты адамның артынан бір уыс топырақ шашу — пәле-жаланы аластау». Халықта ел қатты жек көрген қылмыскерлер мен опасыздарға, қарғыс алғандарға немесе өзі кінәлі бола тұра ел-жұртын кінәлап ат құйрығын кесіп кетіп бара жатқандарға әбден көңілі қалып, қаны қарайған кездерде көпшілік олардың артынан топырақ шашатын әдеті бар. Бұл-әрі жаза, әрі «қараң батсын» деген қарғыстың, «енді көзге көрінбе» деген аса қатты айыптаудың ауыр сабағы. Мұндай адамдардың елі атын атамаған, есімін еске алмаған, мүлде ұмытатын болған.
Бәсіре: Қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, онымен қатар мал төлдесе, сол жаңа туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты бар. Ұл бала 13-ке келгенде нағашысы бәсіре атайды, тай мінгізеді.
Базарлық: Жолаушылап келген не жәрмеңкеден қайтқан адамдардың жақын-жұрағаттарына, көрші-қолаң, жас балаларға, ірілі-ұсақты, алуан түрлі заттай арнайы сыйлық, тарту-таралғы әкеліп, базарлық үлестіруі – ертеден келе жатқан дәстүр.
Байғазы: Балалар, жасөспірімдер мен бозбалалар әлдеқандай бір жаңа нәрсеге ие болған кезде, жаңа киім кигенде жақын, сыйлас адамдарынан байғазы сұрайды. Байғазы сұраушыға, көңілі қайтарылмай, ақшалай не заттай сыйлық беріледі.
Бастаңғы: Жастар «бастаңғы» деп аталатын тамақ істеп бас қосады. Үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, «жолаушылардың жолда басы ауырмасын, бастаңғы жаса» дейді. Бастаңғының мәнісі – жастардың сол үйде ойын-сауықта бас қосуы. Дәстүр бойынша бұған тиым салуға болмайды. Бастаңғыны жастар жасайды.
Байлау: Қазақтың мәрттік, мырзалық, азаматтық қасиетін білдіретін салттарының бірі – байлау. Соғып алған аңды кездескен кісіге сыйлау, олжаны, тауып алған дүниені жанындағы адамға ұсыну ежелден қалыптасқан ұлттық әдет. Бұл салтты бұзу адамгершілік әдебінен аттау ретінде сөгіс жарияланады немесе ел алдында бетке басылады. Дегенмен мұндай жағдайда аңшы адамның алғашқы олжасы болса, ол «байлануға» жатпайды, керісінше оған «құтты болсын» айтады.
Бет айғақ: Халықтың құқықтық салтында жоғалған малды, затты тапқан, көрген адамдар сүйінші сұрайтын әдет бар. Мал иесі оның сүйіншісін береді немесе «қалағаныңды ал» дейді.
Ал қылмыстық істерде қылмыскерді, ұрыны, тағы басқа жат істерімен жүргендерді ұстаған адамға сүйінші орнына берілетін ынталандыру сыйлығы бар. Оның аты – «бет айғақ» әрине, әлгі адам қылмыскердің іс-әрекетін дәлелдеп, айғақты заттармен, куәлермен оның мойнына қойып беруге міндетті. Бұл істі елдің билері ақсақалдардың қатысуымен шешеді.
Бұйымтай: Сыйлас, жегжат кісілер әдейі келіп, сәлемдесіп тамақ ішіп болғаннан кейін аттануға рұхсат сұрайды. Бұдан кейін үй иесі «бұйымтайыңызды айтыңыз» деп сұрайды. Бұл қонақтың қалағаны немесе нендей шаруасы бар екенін білу деген сөз. Қонақ мұндайда келген шаруасын, яғни «бұйымтайын» айтады. Әдеп бойынша келген кісіден үй иесі дастархан жайып, шаруасын сұрап білуі парыз және оның көңілін қалдырмағаны жөн. «Бұйымтай» дегеніміз осы.
Бәйге: Ұлы тойда, аста, мерекеде қарсыласын жыққан палуанға, озған жүйрікке, жеңген ақынға берілетін жүлде. Тойдың, астың дәрежесін, қызығын осы бәйгеге қарап анықтауға болады. Бәйгенің ең үлкені әдетте бас палуан мен жүйрік атқа тағайындалады. Әсіресе ат бәйгесіне мол мал, дүние- мүлік тігіледі. Аты озып бәйге алғандар оның бәрін еліне айдап кетпейді. Бұл жомарттық, мәрттік, ерлік ғұрып. Оның ақсақалдарға, жанындағы жолдастарына біраз бөлігін бөліп береді. Бәйге қазақ халқының рухани, мәдени дәрежесін көтеретін және көрсететін үлкен дәстүр.
Бітім: Бітім салты – халық арасында маңызы зор, өте қиын әрі күрделі іс. Бұл – хан, би, ақсақалдардың араласуымен бітетін елдік шаруа, өйткені оның бүгінгі ғана емес, алдағы бірнеше жылдық, тіпті ғасырларға ұласатын әлеуметтік, елдік қызметі мен жолы бар.
Ерте замандарда еларалық, жаугершілік, соғыс, ұрыс, жер дауы, жесір дауы, құн дауы сияқты ел, ер намысына тиетін ірі қақтығыстар мен ұрыс-жанжалдар болып тұрған. Ол қарулы қақтығыс, ірі барымталарға ұласып, ел-жұрт тыныштығы бұзылып, елден бірлік пен ынтымақ қашқан. Міне, осындайда екі елді бітістіретін, келісімге шақыратын «Бітім» тәртіптік заңын қолданған. Мұндай «аға ағайындыққа» сөзі өтімді, беделді ел ағалары мен батырлар, би, шешендер жүрген. Бұл бітімді екі елдің ақсақалдары берік сақтап, ескі дау-жанжалдарды қоздырмаудың, еске алмаудың жөн-жосығын, жолын тауып отыруды міндетіне алған.
Бата:Ертеден келе жатқан тамаша салт-дәстүріміздің бірі –бата. Бата беру дәстүрі шығыс халқы арасында, соның ішінде қазақтарда кең тараған. Әдетте бата ауылдың үлкен қария ақсақалдарының, жолы үлкен адамның, қадірлі, қызырлы адамның, құдайы қонақтың үлесіне тиген. «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді» деп жақсы киелі адамдардың батасын алып, кейінгі ұрпаққа да ықылас білдіріп, бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. «Баталы ел тозбас» дегендей бата, тілек, өсиет айту – мұсылмандық болмыстың бір сынығы десе болғандай. Қазақ халқындағы сан ғасырлардан бері қалыптасып кеткен бата сұрау, бата беру үрдісінің түп-төркінін асыл дініміз – Исламнан іздегеніміз де жөн.
Ерулік: Ауылға басқа жақтан бір отбасы көшіп келгенде, көршілері ол үйді қонаққа шақырып, дәм-тұз татыру арқылы ықылас-пейіл көрсетеді. Бұл салт халқымызда «ерулік беру» деп аталады. Ерулік беру арқылы жаңа тұрғындарды, жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсіретпеуді көздейді.
Жиенқұрық: Қыздан туған балалар «жиен» деп аталады. Халық дәстүрі бойынша жиен нағашыларынан қалаған затын яғни «жиенқұрық» алуға тиіс. Нағашысы жиенінің бетін қайтармай үш рет беруге міндетті. Халық жиенді ренжітпей «Жиен назасы жаман» деп еркелетіп ұстаған. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген де сөз бар. Жиенге ұл болса 13-ке толғанда тай береді. Ал, нағашысы өмір бойы 40 серкеш береді деген салт бар.
Жолаяқ: «Жол болсын деп жасадым,
Жолдастарға «жолаяқ».
(Мірдің оғы кітабынан).
Алыс сапарға аттанатын кісілер мал сойып, үлкен-кішіні шақырып «жолаяқ» жасайды. Ондағы мақсат – сапарым сәтті болып, аман-есен оралсам деген ақ тілектен шыққан шын ниет. Жолаяқ соңы да дәстүрлі батамен аяқталады.
Жұрт майлар: Халқымыздың көшіп-қонып жүретіні баршаға аян. Әрине мұндайда олар жаңа жерге қонады, көрші-қолаңдарына қонақасы береді. Бірақ мұның бәрі жаңадан жер алғанда, жаңа үй салғанда ғана жасалады. Оған көңілжетер адамдар, туған-туыстар шақырылады. Ақсақалдар бата беріп, жақсы тілек тілейді. Домбыра тартылып, ән шырқалады. Жаңа жұрт қазақ жұртшылығы үшін есте қаларлық күндердің бірі саналады.
Жеті ата: «Жеті атасын білмеген – жетесіз» (мәтел). Өмір тәжірибесі мол халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйреткен, жаттатқан. Мұның әлеуметтік зор мәні болған. Оның себебі, біріншіден, әр адам жеті атаға дейін жақын туыс саналады. Екіншіден, қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұрынғы адамдар бір-бірімен танысқанда, жүздескенде руын, тегін сұрауы осыдан шыққан. Сондықтан әр қазақ баласы өз ата-тегін білу тектілік, әрі ұлттық тәртіп пен жөн білудің бір саласы болып саналған. Олай болса жеті ата: 1.Бала. 2.Әке. 3.Ата. 4.Арғы ата. 5.Баба. 6.Түп ата. 7.Тек ата (Ата-тек деген осыдан шыққан сөз).
Сурет:https://egemen.kz/article/307641-zhienquryq