«Жұмыс мені шаршатпайды — шабыттандырады!»

Жақында Занурия Нұрболқызы есімді жасөспірім қыз әлеуметтік желіде өзінің бес түрлі жерде жұмыс істейтінін жариялап, жұртты таңғалдырды. Көпшіліктің жылы пікіріне ол былай деп жауап берді: «Мені әрқашан осындай бейнелер шабыттандыратын. Егер менің өмірім осындай болса, неге онымен бөліспеске деп ойладым? Мен бала кезімнен анама көмектесіп келемін. Үйлену тойларында билеп, еңбек етуді, адал өмір сүруді жақсы көремін. Мен үшін ең қиыны – ұйқы кестесін сақтау мен достарыммен уақыт өткізу.»

Занурияның бір күні мектеп баспалдағынан басталады. Таңғы 7:30-дан 11:30-ға дейін бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Түскі 12:00-ден 14:00-ге дейін тәлімгер ретінде жұмыс істейді. Сағат 15:00-тен 16:00-ге дейін балалар би тобында хореограф, ал 18:00-ге дейін оқу орталығында орыс тілінен сабақ береді. Кешкі 21:00-де той сахнасына шығып, ансамбль құрамында биші ретінде өнер көрсетеді.

Осындай тығыз кестеге қарамастан, Занурия армандай бермейді, ол тек қалауларын мақсатқа айналдырып, сол жолда әрекет етуді жөн көреді. Оның ең үлкен арманы – анасымен бірге әлемді аралау. Ол анасына деген махаббатын әр ісімен дәлелдеп келеді. Соңғы табысынан алтын сырға сыйлап, көрермендерінің жүрегін тағы бір елжіретті.

Халық арасында “Просто машина” деген атаққа ие болған Занурия Нұрболқызы — еңбекқорлық пен табандылықтың жарқын үлгісі. Ол өз жолын ерте тауып, өмірге құштарлықпен қарауды үйретіп жүр. Болашақта оған сол жігері мен талпынысын жоғалтпай, әрдайым биіктен көрінуін тілейміз.

ЖАҚСЫБАЙ  Перизат,

 Алматы қаласы, Ж.Жабаев атындағы

№ 161 лицей 11 «Ә» сынып оқушысы

Сурет:https://ser-per.kz/