Кәсіпкерлік – өңірлік тұрақтылықтың тірегі, ел болашағының кепілі

Қазақстан бүгінде даму жолының жаңа белесіне көтеріліп отыр. Әлемдік экономикалық белгісіздік, әлеуметтік теңсіздік пен өңірлер арасындағы алшақтық жағдайында ел үшін ең басты сұрақ – тұрақты әрі инклюзивті даму жолын табу. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «шағын және орта кәсіпкерлік ел болашағының негізіне айналуы тиіс». Бұл – уақыттың өзі дәлелдеп отырған ақиқат.
Осы стратегиялық ұстаным аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушылары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырған Грант № AP23489032 «Жергілікті әлеуметтік турбуленттілік тәуекелдерін азайту мақсатында Қазақстан аймақтарындағы табыс теңсіздігі мен кедейлік деңгейін төмендетуге шағын және орта бизнестің әсерін зерттеу» тақырыбында кешенді ғылыми зерттеу жүргізіп, мемлекет және қоғам мүдделерінің тоғысқан тұсындағы өзекті мәселелерді қарастыруда.
ШОБ – экономиканың негізгі өзегі ретінде бүгінде Қазақстанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 98 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі. 2024 жылғы деректерге сәйкес, елде 2,1 миллионнан астам ШОБ субъектісі бар. Оның ішінде жеке кәсіпкерлердің үлесі басым – шамамен 79 пайыз, ал шағын және орта кәсіпорындар мен фермерлік қожалықтар өңірлік экономиканың тірегіне айналып отыр. Бұл – халықтың кәсіпкерлікке деген сенімі мен белсенділігінің нақты көрінісі.
ШОБ-тың ел экономикасындағы салмағы да жылдан жылға артып келеді. Қазіргі таңда оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 35–36 пайызға жетті. Мемлекет қойған мақсат айқын: 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін жеткізу. Демек, кәсіпкерлік – экономикалық өсімнің ғана емес, ұлттық экономиканы әртараптандырудың басты тетігі.
Шағын және орта бизнес – миллиондаған қазақстандықтың күнкөріс көзі. Елдегі жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 40 пайызы дәл осы секторда еңбек етеді. Әсіресе ауылдық жерлер мен моноқалаларда ШОБ жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы кедейлік деңгейін төмендетіп, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, ШОБ мемлекеттік бюджет үшін де маңызды. Бұл сектордан түсетін салықтар мен міндетті төлемдер жалпы салықтық түсімдердің үштен біріне жуығын қамтамасыз етеді. Яғни шағын кәсіпкер – тек өз отбасын ғана емес, ел қазынасын да нығайтушы тұлға.
Қазақстан – аумағы кең, әлеуеті әркелкі мемлекет. Алматы, Астана, Шымкент қалалары – қызмет көрсету, инновация мен стартаптардың орталығы болса, Түркістан мен Қызылорда – агроөнеркәсіпке, Батыс өңірлері – индустрия мен мұнай-химияға бейім. Бұл әртүрлілік ел экономикасының икемділігін арттырып, өңірлік саясаттың маңызын күшейтеді.
Қазақстанда шағын және орта бизнес – экономиканың «тірі тамыры». Жұмыс орындарын ашатын да, өңірлерді «қозғалысқа» келтіретін де – көбіне осы сектор. Сондықтан 2024–2025 жылдары мемлекет ШОБ-ты қолдауды тек ұран деңгейінде емес, нақты қаржы құралдары, кепілдік механизмдері және гранттық бағдарламалар арқылы күшейтті.
Алайда кәсіпкерлік дамуына кедергі келтіретін мәселелер де жоқ емес: инфрақұрылымның әлсіздігі, қаржыға қолжетімділіктің төмендігі, кадр тапшылығы. Осы себепті мемлекет «Бизнестің жол картасы», «Бастау Бизнес», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерді жүйелі қолдап келеді.
2024 жылы ШОБ-қа арналған басты ауырлық орталығы қаржылық қолдауға түсті. Бұл бағыттың негізгі операторы ретінде “Даму” қоры мен “Бәйтерек” тобы арқылы кәсіпкерлердің несиеге қолжетімділігін кеңейту көзделді. Нәтижесінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру айтарлықтай ауқым алды: жыл қорытындысында шамамен 1 трлн теңге несие көлемімен 17 мыңнан астам бизнес жоба қамтылды. Бұл – «идеядан іске» өту жолында мыңдаған кәсіпкерге нақты демеу болғанын көрсететін сан.
Ал кәсіпкердің жолындағы тағы бір классикалық кедергі – кепіл мүлкінің жетіспеуі. 2024 жылы дәл осы мәселені шешуге бағытталған кепілдік беру құралы белсенді қолданылды: 8 мың жобаға шамамен 310 млрд теңге көлемінде кепілдік берілді. Яғни банк алдында «кепіл жоқ – несие жоқ» деген шеңберді бұзуға мүмкіндік артты.
Тек ақша емес, білім де маңызды. 2024 жылы қаржылық емес қолдау да назардан тыс қалған жоқ: шамамен 15 мың кәсіпкер оқытылып, кәсіпкерлік мәселелері бойынша 135 мыңнан астам кеңес берілгені көрсетіледі. Бұл – бизнеске енді кірісетіндер үшін бағыт-бағдар, ал әрекеттегі кәсіпкерлер үшін жүйелеу мен кеңею мүмкіндігі.
Сонымен бірге, «бастаушы кәсіпкердің алғашқы қадамына» арналған қайтарымсыз гранттар да сұраныста болды. 2024 жылы Business.enbek.kz арқылы жаңа бизнес-идеяларға грантқа өтінім қабылданып, грант көлемі 400 АЕК (яғни 1 476 800 теңге) деңгейінде белгіленді. Республикалық жоспар бойынша бір лекте 4 500 адамға грант беру жоспарланғаны жарияланды. Бұл – әсіресе шағын өндіріс, қызмет көрсету, үй кәсіпкерлігі секілді бастапқы капиталға тәуелді бағыттар үшін маңызды «старттық мүмкіндік».
2025 жылы ШОБ-ты қолдауда жаңа логика айқын көрінді: мемлекет пайызды субсидиялаудан кезең-кезеңімен “жеңілдетілген несие — кепілдік” моделіне ауысатынын хабарлап, осы бағыттағы қаржыны 750 млрд теңгеге дейін ұлғайтқанын атап өтті. Мұның мәні – кәсіпкер үшін қаржыландырудың болжамдылығын күшейту және қолдауды «бір құралға» байламай, жүйелі механизмге айналдыру.
Осы өзгерістің маңызды элементі ретінде 2025 жылдан бастап “Даму” базасында екі кепілдік қоры іске қосылды: біреуі 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға, екіншісі 7 млрд теңгеден жоғары ірі жобаларға бағытталған. Бұл – шағын бизнес пен ауқымды өндірістік жобалардың қаржыға қолжетімділігін бөлек траекториямен жүргізуге мүмкіндік береді.
Жылдың алғашқы кезеңіндегі нақты көрсеткіштер де «қарқынның» жоғары екенін аңғартады. 2025 жылдың алғашқы 5 айында “Даму” қоры 6 114 жобаға жалпы 755,9 млрд теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Кепілдік қорлары іске қосылғалы 543 жоба бойынша 66,5 млрд теңге несие беріліп, 35,4 млрд теңге кепілдік ұсынылған. Ал дәстүрлі кепілдік беру құралы аясында 2 470 жобаға 325,1 млрд теңге несие рәсімделіп, 225,8 млрд теңге кепілдік берілген.
Сонымен қатар нарықта жаңа құралдар пайда бола бастады. Мысалы, “Өрлеу” жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша кәсіпкер үшін мөлшерлеме жылына 12,6%-дан аспайды (Freedom Bank, БЦК, Halyk Bank сияқты банктер аталады). Бұған қоса, 2025 жылдың 5 айында қолданыстағы жеңілдетілген бағдарламалармен 873 жоба 73,6 млрд теңгеге қаржыландырылған; субсидиялау құралы арқылы 2 228 жоба 290,7 млрд теңге несие алған.
Ал жалпы масштаб тұрғысынан “Бәйтерек” желісі арқылы ШОБ-ты қолдау көлемі 2025 жылы шамамен 2 трлн теңгеге жеткені айтылады. Сондай-ақ 2 229 жобаға 400+ млрд теңге кредит беріліп, оның ішінде 220+ млрд теңге мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілгені келтіріледі. Бұл – қолдаудың «жеке-жеке құралдар» емес, ірі қаржылық экожүйе деңгейінде жүріп жатқанын көрсетеді.
Грант бағыты да жалғасын тапты: 2025 жылы Business.enbek.kz порталында өтінім қабылдау басталып, грант көлемі 400 АЕК (яғни 1 572 800 теңге) екені және 9 өңірде 270 грант беру жоспарланғаны көрсетілген. Яғни мемлекет кәсіпкерлікті қолдауда «бастауға» да, «кеңейтуге» де қатар мүмкіндік беруге тырысып отыр.
Шағын және орта бизнес БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыруда да шешуші рөл атқарады. Кәсіпкерлік:
- кедейлікті азайтады (ТДМ 1);
- лайықты жұмыс орындарын құрады (ТДМ 8);
- өңірлер арасындағы теңсіздікті қысқартады (ТДМ 10);
- тұрақты қалалар мен ауылдардың дамуына ықпал етеді (ТДМ 11).
SDG Index деректері бойынша Қазақстан соңғы жылдары 71 балл деңгейін сақтап, 2024 жылы 167 елдің ішінде 66-орынға ие болды. Бұл – елдің орнықты даму бағытының нақты нәтижесі.
Мемлекет басшысының қойып отырған міндеттерін іске асыруда ҚазҰУ. Экономика және бизнес жоғары мектебі ғалымдарының ғылыми зерттеулері де Мұнда ТДМ ұлттық индикаторларын өзектендіру, кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыру, жастарды бизнеске баулу жүйелі түрде жүргізілуде. Университет қабырғасында «Тұрақты даму мақсаттары» аудиториясының ашылуы – соның айқын дәлелі. Бұл кеңістік студенттерді ертеңгі жауапты, әлеуметтік тұрғыдан саналы кәсіпкер ретінде тәрбиелеуге бағытталған.
Сонымен қатар, университет ғалымдары мен тәжірибелі бухгалтерлердің бастамасымен жас кәсіпкер болуға ниетті студенттерге арналған салық режимдері мен бухгалтерлік есеп жүргізу әдістемесі бойынша видеосабақтар дайындалды. Бұл – білім, ғылым және тәжірибенің нақты тоғысуының жарқын үлгісі.
Қорытындылай келе, кәсіпкерлік қызметтің тек табыс табу жолы емес, қоғамға қызмет ету, өңірлерді дамыту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жолы екендігін ескерген жөн. Әр өңір өз кәсіпкерін қолдап, әлеуетін ашса, Қазақстанның тұтас экономикасы күшейеді. «Бір ауылда бір кәсіпкер шықса, сол ауылдың болашағы бар» деген сөздің мәні осында. Университет ғалымдарының кәсіпкерлікті қолдау арқылы Қазақстан өңірлерінде табыс теңсіздігі мен кедейлік деңгейін төмендету мүмкіндігін көрсетеді және ол ШОБ дамыту ел болашағына салынған инвестиция. ШОБ дамыған қоғам – әлеуметтік теңдігі орныққан, экономикалық тұрғыдан тұрақты және келешегі кемел мемлекет.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Экономика және Бизнес жоғары мектебі, Экономика кафедрасының меңгерушісі
э.ғ.к., профессор Даулиева Г.Р.
Экономика кафедрасының
э.ғ.к., аға оқытушы Тураров Д.Р.





