Жасөспірімдер қалай табыс таба алады?

Сурет Альфа-школа сайтынан алынған

Қазір жасөспірімдер бұрынғыдай тек сабақ оқып қана қоймайды. Көбі бос уақытында өзіне ұнайтын іспен айналысып, табыс табуға тырысады. Бұл –өте жақсы қасиет. Себебі өз еңбегімен ақша тапқан бала жауапкершілікті үйренеді, уақыттың қадірін біледі, ата-анасының еңбегін де жақсырақ түсінеді. Қазіргі заманда табыс табудың түрі көп. Әсіресе, жастарға ыңғайлы заманауи жұмыстар көбейген.

Бүгінде жасөспірімдерге қолайлы жұмыстардың бірі – SMM. Бұл –әлеуметтік желідегі парақшаларды жүргізу. Мысалы, бір дүкеннің немесе шағын кәсіптің парақшасына пост салу, сторис шығару, мәтін жазу, аудиторияны қызықтыру – бәрі осы жұмысқа жатады. Телефонды жақсы қолданатын, жазуға икемі бар балалар бұл істі тез үйреніп алады.

Тағы бір қазіргі кезде сұранысқа ие жұмыс – мобилография. Бұл – телефонмен әдемі видео түсіру. Қазір көп адамға кәсіби камера емес, телефонмен сапалы видео түсіріп беретін адам керек. Мысалы, киім дүкеніне, кондитерге, шағын бизнеске, мерекелік кештерге видео түсіріп беруге болады. Егер бала кадр түсіруді, жарықты, бұрышты дұрыс таңдауды білсе, бұл да жақсы табыс көзіне айналады.

Сонымен қатар видео монтаж да жасөспірімдерге ыңғайлы жұмыс. Кейбір балалар видеоны әдемі қиыстырып, музыка қойып, мәтін енгізіп, қызық етіп шығара алады. Қазір ондай адам көп жерде керек. Біреу reels жасатады, біреу жарнама ролигін жасатады, енді біреу туған күнге арналған видео сұрайды. Осындай істі меңгерген жасөспірім өз өнерімен ақша таба алады.

Дизайн жасау да – пайдалы жұмыс. Мысалы, афиша жасау, шақыру қағазын дайындау, логотип құрастыру, сториске әдемі шаблон жасау – мұның бәрі қазіргі кезде сұраныста. Компьютермен не телефонмен жұмыс істей алатын балалар осындай істі біртіндеп үйреніп, шағын тапсырыс ала бастайды.

Кей жасөспірімдер мәтін жазумен, парақшаға идея ойластырумен, жарнамаға сценарий құрумен де айналыса алады. Егер адамның ойы жүйрік, тілі жатық болса, бұл да табыс көзі бола алады. Ал сабаққа мықты оқушылар өзінен кіші балаларға қосымша түсіндіріп, репетиторлық көмек көрсете алады.

Қолынан іс келетін балалар үшін де мүмкіндік көп. Мысалы, тәтті пісіру, білезік жасау, сыйлық қорап әзірлеу, ашықхат дайындау, қолдан жасалған бұйым сату – бұлар да жасөспірімге лайық жұмыстар. Яғни, табыс табу үшін міндетті түрде ауыр жұмыс істеу керек емес. Ең бастысы – өз қабілетіңді дұрыс пайдалану.

Қорыта айтқанда, қазіргі заманда жасөспірім де табыс таба алады. SMM, мобилография, видео монтаж, дизайн, мәтін жазу, репетиторлық, қолдан бұйым жасау – бұлардың бәрі жасқа сай, қызық әрі пайдалы жұмыстар. Мұндай еңбек жасөспірімді пысық етеді, өзіне сенімді қылады, жаңа нәрсе үйренуге жетелейді. Ең маңыздысы – жұмыс оқуыңа кедергі жасамауы керек. Сонда еңбек те болады, даму да болады, табыс та болады.

Нұрайна  ТАҢАТАР,

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы,

«Абай атындағы жалпы орта мектебінің» 10-сынып оқушысы