«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Қоғам

Мамандық – болашақтың бағыты

Сурет:https://api.ust.kz/

Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Бұл тек жұмыс емес, адамның ішкі дүниесін көрсететін, қоғамға өз үлесін қосатын жол. Әр адам өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай болашағын қалыптастырады. Ал менің таңдаған жолым – журналистика.

Журналистика – қазіргі ақпарат дәуірінде өте маңызды сала. Ол тек жаңалық тарату емес, шындықты іздеу, дұрыс пен бұрысты ажырату, халықтың үнін жеткізу. Бұл мамандықты таңдауыма басты себеп – шынайы ақпараттың маңыздылығы. Қазір жалған ақпарат көп тарайды, сондықтан әр сөзіне жауап беретін, нақты дерекпен сөйлейтін журналист болу өте қажет деп ойлаймын.

Егер мен журналист болсам, әр ақпаратты мұқият тексеріп барып жариялар едім. Себебі журналистің айтқан бір сөзі адамдардың ойына, тіпті тағдырына әсер етуі мүмкін. Бұл – үлкен жауапкершілік. Мысалы, пандемия кезінде журналистер халыққа дұрыс ақпарат беріп, қиын сәтте бағыт көрсете білді. Мен де сондай кезде елге пайдасы тиетін маман болғым келеді.

Бұл сала мені адамдармен еркін сөйлесуге, түрлі тағдырларды түсінуге және мәселелерді терең талдауға үйретеді деп сенемін. Журналист жан-жақты болуы керек: ол әрі зерттеуші, әрі психолог, әрі шешен. Мен үлгі тұтатын тұлғалардың бірі – Дина Төлепберген. Оның батылдығы мен шындықты ашық айтуы маған қатты ұнайды. Болашақта мен де сол кісі сияқты әділдікті жақтайтын журналист болғым келеді.

Қорытындылай келе, журналистика оңай мамандық емес. Оның өз қиындығы мен жауапкершілігі бар. Бірақ халықтың сенімі мен шындықтың жеңуі – бәрінен маңызды. Мен бұл жолды саналы түрде таңдадым және болашақта еліме адал қызмет ететін журналист боламын деп сенемін.

ТҰРДЫБЕКҚЫЗЫ  Гүлбақ,

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,

Толқын ауылы, «Толқын орта мектебі» КММ

11 «Ә» — сынып оқушысы

 

Сәйкес жаңалықтар

Жастар және жұмыссыздық

Кино мен сериалдың жасөспірімдерге әсері: таңдау ма, әлде тәуелділік пе?

«QAITADAN»: Астанада тұңғыш апат туралы фильмнің жабық көрсетілімі өтті