«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Тарих

Жүректегі анасының бейнесі

Жақында Жеңіс күнінің қарсаңына орай қаламыздағы «Жеңіс» саябағына барған болатынмын. Саябақтағы музейге жол жиегін жанай кіре шығайын дедім. Кіре сала бірден көзіме орамалдағы бір әйелдің бейнесі түсті. Қызығып, музей гиді ағайдан суреттің тарихын сұрадым. Содан, сурет тарихын  Бауыржан Момымышұлының балалық шағынан бастады.

Бәукең үш жасынан анасынан жетім қалып, өзге балалардікіндей жадында анасымен жылы естеліктер де қалмапты. Саналы түрде анасының махаббатын сезінбеген соң, өмір бойы сол сағынышты жүрегінің түбінде сақтап жүрген. Бір түні түсінде ақ кимешек киген, басына үлкен күндік тартқан бір әйел бейнесін көреді. Ол бейне бала жүрегіне сондай жылулық, таныстықпен енеді. Ұйқысынан тұрған соң сол бейнені ұмытпай, қолына қаламын алып, бейнені қағаз бетіне түсіреді.

Кейін үйіне келген шешесінің туыстары таңырқап:

—Бұл суретті қайдан алдың?  Мұны кімнен көріп салдың? – деп сұрақтың астына алады. Сонда Бауыржан атамыз:

—Түсімде көрдім, жүрегіме жақын келіп, көз алдымда қалып қойған бейне болды. Бұл кім? – деп сұрақ қойды. Сол сәтте үлкендердің бірі толқыған дауыспен:

—Бұл сенің анаң, Рәзия – дейді. Атамыз үнсіз қалады, суреттегі туған шешесі екенін білгенде, өмір бойы жетпеген мейірімнің  сыздауы қайта оянғандай болады.

Бұл оқиғаны естігеннен соң түйген ойым, ешбір фотосуретсіз, ешбір сипаттамасыз, таза сағыныштан, таза түйсік пен жүрек көрегендігінен туған бұл сәт – Бәукеңнің жаратылысының кеңдігін, рухының тазалығын көрсететін оқиға.

Рухани байланыс ешқашан жоғалмайтынын, түс арқылы сөйлейтін, тылсымды түйсік арқылы жол табатын қазақы болмыстың бір айғағы. Бауыржан атамыздың анасына деген сағынышы – оның бойындағы батырлықтың да бекзаттықтың да бастауы болса керек.

РЫСПЕК  Айзере,

Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы

«№49 мектеп-гимназияның» 10 – сынып оқушысы

 

Сәйкес жаңалықтар

Шәкәрімнің фотосуретінің тарихы

farabi shakirti shakirti

Білім ордасы — қарашаңыраққа түлектері оралды

farabi shakirti shakirti

«Оралды, қырық жылдық қырқасына»

farabi shakirti shakirti