Енді оқушыларға шетелге рұқсатсыз шығуға тыйым салынуы мүмкін

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақстандық оқушылардың Қырымға сапары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, министрлік сәйкес бұйрықсыз балалардың шетелге шығуына тыйым салуды жоспарлап отыр.

«Балалардың бәрі аман-есен оралды. Ата-аналарының қолына табысталды. Мұғалімге сәйкес жаза берілді», — деп атап өтті ведомство басшысы Үкіметтің кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол лагерьге балалар ата-анасының бастамасымен барғандығын айтты.

«Министрліктің бұйрығынсыз және балаларды қорғау комитетінің рұқсатынсыз оқушыларды шетелге шығаруға тыйым салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.

Еске сала кетейік, 25 мамырда Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық оқушылар тобы Росәріптестік бағдарламасы бойынша Қырымға кеткенін айтқан еді. Белгілі болғандай, бұл сапарды профильдік ведомствомен келіспей ұйымдастырған.

 

Фото: «Сыр бойы» газеті