«Farabi Shakirti» мектеп мұғалімдері мен орта және жоғары оқу орындары оқытушыларына, сала мамандарына, магистранттар мен жасөспірімдерге арналған Республикалық желілік басылым-сайты
Ардақтысы елімнің

Ақ халатты абзал жандардың еңбегіне қарыздармын!!!

Суретте: Жансұлу  Ақылбаева, Есеева  Гүлназ  және  автор

Елімізде адам жанына араша болуды мақсат етіп, жанына дерті батқан әрбір науқасқа үміт сыйлап, өмірге құштарлығын оята білген барлық  медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!

Ақ халатты абзал жандар қатарында қиындықта жалғыз қалдырмай, шипа іздеген әрбір жанның жүрегіне жол табатын  Түркістан олысы, Түлкібас аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанат Есенғалиқызы бастаған әрбір дәрігер — уақытпен санаспайтын нағыз қаһармандар дер едім.

Сондықтан әрбір жетістігім мен әрбір қадамымда олардың еңбегінің ізі сайрап жатыр. Ақ халатты жандардың адамзат алдындағы еңбегі ешқашан өлшенбейді, өйткені олар адам денсаулығы мен жанын сақтайды. Барша мені танитын дәрігерлерге алғысым шексіз!

Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!

(Көңіл күнделігінен)

*Науқас үшін сенім оты – дәрігердің адами қарым-қатынасы арқылы лаулайды» А. Чехов

* ​«Дәрігердің антына адалдығы — қоғам саулығының кепілі»    С. Демирел ​

*«Ол — дәрігер! Антына адалдығымен алдыңғы шепте,

Тастамайды ешкімді ол жалғыз шетте».   С. Александров,  дәрігер

 ​Аңсар  

 Авторы. Ситора Ахрор ​

              Аудармамды эпилептолог дәрігер Диханбаева Гүлмира Амангелдіқызына арнаймын!

​*Дертке шипа іздейді адам,

Айлар, жылдар, күн құрғатпай.

Әр есікті бір қағар адам,

Дертінің шипасын таба алмай. ​

*Дертке шипа табылғанша,

Шын шипагер жолыққанша,

Ем іздейді тағат таппай,

Отты кеуде зорыққанша. ​

*Ем іздейді дерті барлар,

Сол үшін жер, елді шарлар.

Дарияны кешіп те өтер:

«Деп Тәңірім, өзің оңғар!». ​

*Шипа қонса әп-сәтте,

Көрген күнің елес болар.

Шын шипагер кездескенде,

Бір арманың орындалар.

                    Адымдарым үшін қарыздармын!

«Жақсы дәрігер – сенім падишаһы» Р.Гамзатов

Аббасов Мұстафа — өзінің саналы ғұмырын жүйке  ауруларын емдеуге арнаған жан. Түлкібас аудандық емханада отыз жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді.

Жақсы дәрігер — туғаның, Жақсымен көресің өмір думанын. Бұл — күнделігімдегі алғашқы жазбам. Менің дәрігерім-әкем сияқты. Бағыма тілекші. Жанымның жарасын жанарымнан оқып, көңілімнің алаң хәлін жүзіме қарап ұғады. Адамдық әліппесін әрекетімен түйсінтіп, әр кездескен шағымда үмітіме күміс қоңырау тағады. Жалғанда дертті жанның үмітіне қорған болғаннан асқан бақ жоқ. Ал, сол үмітті кім қорғамақ?! Үміт үнемі бапталар бақша гүлдерінен аумайды емес пе?! Олай болса, үміт гүлдерін бір сәт болсын қараусыз қалдыруға болмайды ғой! Бұл деген-мехнаты мол жұмыс. Оған екінің бірі шыдамдылық таныта алмасы бесенеден белгілі.

Сондықтан, жомарт көңіл жандар ғана дәрігер болмақ. Солар ғана дертті жанның үмітіне қорған болмақ. Менің дәрігерім — жомарт жүрек пен арда ақылдың иесі. Жайма шуақ жаздай жылы шырайынан-ақ дертіңе шипа табасың! Жалғанда адам баласының басты бақыты-алшаң басып жер ананың төсінде еркін жүре алуы. Мен бұл бақытқа кеш жеткен жандардың бірімін. Менің әрбір қадамым – тәңірден толассыз тілеген тілек пен дұғалардың нәтижесі, әрі мендік сәби жүрекке сенім отын ата-анам мен бір жаққан дәрігерімнің еселі еңбегінің жемісі. Өзгенің жігерін жану үшін — өмірді терең тану керек. Менің дәрігерім — өмірді Жүніс Емредей таныған жан. Кісілігі — күн көзіндей жүрек жылытып, адамдығы – адалдықтың алтын тағын еске салады.

Тәубе! Әрбір адымым үшін әлі де күресемін. Сенім оты көкейімде лаулап тұр. Сіздей абзал жанмен жолықтырған тағдырыма мәңгілік разымын, дәрігер!

                        Жүрек

Авторы: Усман Насыр

Аудармамды  кардиолог дәрігер 

Даупбаева Мария Рахимбековнаға арнаймын! ​

Жүрек кейде ауырады,

Түскен соң өмір салмағы.

Шайналған соң талай жерде,

Ойланбастан бармағы. ​

Жүрек кейде жасиды:

Бәріне де сенгені үшін,

Бәрін бірдей көргені үшін.

Аз дүниесін бөліп беріп,

Таяқты өзі жегені үшін! ​

Жүрек өзі емделеді –

Жақсылардың дидарымен,

Арман-үміт күй-сазымен,

Адалдардың сыйларымен.

Көктем сайын жаңаратын,

Күн -Ананың нұрларымен. ​

Өмір өзі үйретеді:

Адамға адам боп құшақ ашуды,

Арамнан ұзақ, тым ұзақ қашуды.

Өмір өзі азайтпайды, біле білсең,

Сынақтан соң қуанышты шашуды.

                           Найзағай болмыс

Авторы: Зейнет Караман

Аудармамды  Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың  невропатологы

Байрамов Зауыр Элбайоғлына арнаймын

«Мың кісінің алғысын бір сәтте алатын әлемдегі жалғыз адам –дәрігер ғана».    С. Демирел

Дәрігер – бұлт ішінде ойнаған найзағай тәрізді. Найзағайсыз аспан көгі тазармайды, адамның да көңілі де солай. Жанға дәру болар бір ауыз сөз бен жылы шырай тантуы арқылы дәрігер көңіл көкжиегін жұпар ауа боп тазартады. Өмірге ғашық жандарды бұлтты жарған найзағайдай ақ жауынға бастап, көгіршін көңілді жайма шуақ күнге жетелейді.

Жайдары күнге жету – жер бетіндегі барша адамның ғазал арманы. Ғазал армандарды мәпелеу — ақ халат киген жандардың үлесіне тиген тірлік. Жаны дертті жанды жайдары күнге жетелеу — науқасты ауыр ой құшағынан аршып алудан басталмақ… Дертті жанның жан көгін жарқыратуға, арман асқарын аласартпауға тырысу, адам бойындағы үміт шынарын құлатпауға барын салудың өзі аласапыран дүние де оңай ма? Әрине оңай емес. Дәрігердің барлығы осындай ауыр жүкті арқалайды. Жүрегіндегі арда арманы үшін талмайды. Адамға пайдам тисе деген ойдың өзінен рахат табады.

Қанатымен су сепкен қарлығаштай талайлардың жан дертін азайтып, қара түнде тәтті ұйқының құшағына енсе деген ниетпен өмір сүреді.

Измирлік Чынар Гүл есімді талма дертіне шалдыққан сегіз жасар қыздың өлеңі осыны ұқтырады.

Бір жұтым ауа,

Бағасыз кейде.

Бір жұтым ауа,

Қастерлі дүние.

Арпалыс бітпес,

өмір үшін әркез.

Сәт сайын күрес,

Артық кейде сөз.

Азабым аз емес,

өмірім жаз емес.

Дәрігерсіз хәлім,

Расымен мәз емес.

Жаным жыласа,

Жүрегіме үңілген.

Шерімді жырмен баса,

өлең туды түнімен.

Бір жұтым ауа,

Жете ме баға.

Ауадай қымбат,

Есенсіз бе, аға?!

Тірлігіме тіреу,

Көңіліме сүйеу,

Жақсылыққа сену,

Мұң кешуді білмеу.

Талма қысқанда,

жанымнан табылар.

Жанар жас сыққанда,

Сәлемдесе жай ұғар.

Болғанда әбігер,

Жолдасың дәрігер.

Сынаққа қалдырмас,

өткенге салсаң зер.

P.S. Ақ халатты абзал жандардың маңдай теріне, жылы лебізіне  қарыздармын! Дәрігер – адам өміріне араша түсетін, үміттің шырағын өлгенше  өшірмейтін асыл жан. Оның білімі мен тәжірибесі ғана емес, адамға деген мейірімі мен жанашырлығы талай науқас көңілін жадыратып,  өмірін ұзартады. Науқастың көңіліне сенім ұялатып, алға ұмтылуға күш сыйлау – дәрігердің мейірбан болмысының бір қыры. Мен өз өмір жолымда  осындай абзал жандарды жолықтырдым.

Отыз екі жыл бойы емдеп келе жатқан дәрігерім — Аббасов Мұстафа.  Сал ауруына көнуді, өмірді сүюді, адамға деген құрметті  үйретті.

Гульназ Есеева апайдың да алдына талай ауырып барып, адами қолдауын көп көрдім. 2018 жылы талмам 8 рет ұстап қиналған кезде бір аптаның ішінде ээг мен мрт-ға түсуге жәрдемдесті. Бұндай оқиғалар өте көп.  Адамға сөз жәрдемін аямайды.

Заур Байрамов — өз ағамдай жақын. Ауыра қалсам, қазір осы кісіге жүгінем. Жаны жомарт. Адал. Дос бола біледі. Тыңдай біледі.

Жансулу Акылбаева —  ревматологиялық ауруларды жақсы емдей алатын дәрігер. Білген-түйгенін әркез ауылдық Воп дәрігерлеріне түсіндіріп, науқастың жан ауруын жеңілдетуге барын салатын жан. 2020 жылы Праймериз жобасына қатыстық. Ойластық. Пікірлестік.

Ниязалиева Шолпан бастаған Жаскешулік дәрігерлер  қауымы «Бақ — ықылас, ниет-жүрек» деген халық даналығын жетік білетін білікті мамандар.

Расул Гамзатов: «Хирург — пышақпен дертті жойып, сөзбен сол жараны жазады» дегендей — ақ, Мақсат Көппай сынды өз ісінің маманы өмірімді барынша жеңілдетіп келеді.

Сондықтан әрбір жетістігім мен әрбір қадамымда олардың еңбегінің ізі сайрап жатыр. Ақ халатты жандардың адамзат алдындағы еңбегі ешқашан өлшенбейді, өйткені олар адам денсаулығы мен жанын сақтайды. Барша мені танитын дәрігерлерге алғысым шексіз! Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!

ТОПАНБАЙ Мейірхан Мейрамбекұлы,

Республикалық «Шарапат» шығармашыл

жастар байқауының бас жүлде иегері

Сәйкес жаңалықтар

«Аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы бол»

farabi shakirti shakirti

Құдайберген Қуанұлы ЖҰБАНОВ (19.12.1899 — 25.02.1938 жж.)

Ата-ана – өмірдегі ең қымбат жан