Елордада «Менің атым Қожа» кейіпкеріне ескерткіш қойылды

  1 маусым күні Нұр Сұлтан қаласында «Менің атым Қожа» кейіпкеріне орнатылған ескерткіштің ресми түрде ашылуы өтті. Қалаәкімдігінің мәліметінше, шара Қазақстандағы«Балалар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр, — деп хабарлады turkystan.kz.

  1963 жылы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы желісімен «Қазақфильм» студиясы түсірген балалар фильмнің кейіпкері Қожаға орнатылған ескерткіштің жалпы биіктігі – 183 см, қола мен граниттен жасалған.

   Идеяның авторы – Мұрат Қожамқұлов, мүсінші – Талапхан Азамат.    Идея авторы Мұрат Қожамқұловтың бастамасымен ескерткіш қою мәселесін белгілі журналист Жанболат Аупбаев көтерген болатын.

  Ескерткіштің ресми ашылу салтанаты «Жетісу» саябағында болды.

  Ескерткіштің ашылу салтанатына Қожа рөлін сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжар мен Жанардың рөлін сомдаған Гүлнәр Құрабаева, Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал және Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар келді.

  «Бұл Қожаға ғана қойылған ескерткіш емес. Сол кездегі қазақтың кез келген қарадомалағына, кез келген ауыл баласына қойылған мәңгілік белгі. Бұл қазақ әдебиетіне, қазақ балалар әдебиетіне, қазақтың балалар фильміне қойылған ескерткіш дер едім. Біз осы фильм арқылы күллі қазақ баласының бейнесін көрсетуге тырыстық. Қазіргі балалардың бақыты да сол, бейбіт елде, Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп келеді. Осы тыныштықтан, осы берекеден айырмасын», – деді бала Қожадан қарт Нұрланға айналған кейіпкер.

   Жүрекке жылы ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған «Хабар» агенттігінің басшысы Берік Уәли бұл ескерткіштің бүгінгі Халықаралық балалар күні мерекесіне тұспа-тұс келуінің өзі ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

                                                                          Анель Жарылғасын