Әбділдә Тәжібаев

Қазақстан

Қазақстан өлкесінің кеңдігін
Өлшеп жатпай өзгелерше мен бүгін,
Оңай ғана ұғындырып байқайын,
Болмашы бір белгілерін айтайын.
Қысты күні бөлмеңізде пеш қызып,
Көрінгенде сол қызудан кеш қызық.
Жанған отқа сүйсіне зер салыңыз.
Қазақстан көмірі деп таныңыз.
Туралғанда ақ мамықтай бөлкелер,
Түспей ме еске астық еккен өлкелер,
Соның бірі Қазақстан — таныңыз,
Соның наны жеген осы наныңыз.
Дастарқаннан нарттай қызыл алманың
Қол созғанда таңдап бірін алғалы
«Қазақстан!» дей көріңіз, бауырым,
Өсіруші алманың ең тәуірін.
Сары аязда — сақылдаған ақпанда —
Адам тұсын, ағаш дір-дір қаққанда,
Ұмытпаңыз Қазақстан сыйларын
Жеткен сізге жылуымен пиманың.
Жапқан сайын әрбір үйдің тебесін,
Қаққан сайын әр есіктің шегесін,
Құрметтеңіз Қазақстан жерінің,
Өзендерше өрши аққан темірін.
Көк теңіздей толқын ата көпірген
Домбыра үні жетсе сізге эфирден,
Қабылдаңыз Қазақстан күйлерін
Қуантушы бақытты Отан үйлерін!

1957

Ұлықбек Есдәулетов

Қазақстан

Арыстандай айбаттым,
Жолбарыстай қайраттым,
Аспандаған байрақтым,
Қанша жұлдыз жайнаттың,
Қанша бұлбұл сайраттың,
Қазақстан, ардақтым!
Тұлпарыңның шабысын,
Домбыраңның қағысын,
Күңіренткен тау ішін,
Дарияңның ағысын
«Сүйем!» десем — бәрі шын,
Қазақстан — намысым!
Әрбір тасы — киелім,
Әр уығы — жүйелім,
Ән кернеген жүрегін,
Күй кернеген тиегін,
Сары алтыннан сүйегің,
Қазақстан — жыр елім!
Шаңырағың — шырағым
Топырағың — тұмарым,
Ғаламда жоқ сыңарың,
Ғажайыбым, жұмағым,
Басы таза бұлағым,
Басылмайтын құмарым,
Қазақстан — қыраным!
Айың тусын оңыңнан,
Күнің тусын солыңнан,
Жұлдыз жансын жолыңнан,
Басыңа бақ орнасын,
Қыдыр болсын жолдасың,
Құдай сені қолдасын,
Қазақстан — көз жасым!..

Абдрахман Асылбек

Қазақстан – кеше, бүгін, ертең

(Бала көзімен)

Қазақстанның кешегісін көрмедім,
Өйткені, мен онда өмірге келмедім.
Оқыдым ғой тарихтан да аздаған,
Аталардың білем айтып бергенін:
Бір кездері еркін заман болыпты,
Бозторғайлар қой үстіне қоныпты.
Содан кейін ойран салып орыстар,
Қазақтардың қанын судай сорыпты.
Тартып алып малы менен байлығын,
Тірідей-ақ атып тастап қайбірін,
Аштықпенен қырса жарты қазақты,
Болмас сірә бұдан өткен қайғы-мұң.
Ал, бүгін ше?
Қуанышты барша жан,
Қол жеткіздік еркіндікке аңсаған.
Қазақстан елі болып атандық,
Сол үшін де мақтанамын, ән салам.
Бабалардың рухынан күш алам,
Зымыранмен кеңістікке құша алам.
Тілім, жерім, мұсылмандық иманым –
Әрқашанда аман болсын үш анам.
Ал, ертең ше?
Ерекше ғой ертеңім,
Ертеңім – бір таңғажайып ертегім.
Елім үшін туған жоқпын мен тегін,
Өсе берер, өсе берер өркенім.
Айдана АБДРАХМАНОВА

Сұлтан Қалиев

Қазақстаным

Сәулетті әр қаласы
Шырағындай өмірдің
Кең-байтақ даласы
Құшағындай елімнің.
Тұп-тұнық аспаны –
Байлықтың бастауы,
Замана дастаны –
Қазақстаным менің.
Жасындай айбыны
Ұл-қыздарды түлеткен,
Халқымыздың ай, күні
Жұлдыздарды түлеткен.
Тұп-тұнық аспаны –
Байлықтың бастауы,
Замана дастаны –
Қазақстаным менің?

Канатова  Аружан  Ермухаммедқызы

Менің Отаным – Қазақстан

Отаным менің — Қазақстан,
Ыстық қой сенің топырағың.
Орманың, көлің, бау-бағың,
Қастерлеген қазағым.

Найзаның ұшымен қорғаған,
Халқым менің мықты ғой.
Ата-бабам әрқашан,
Салт — дәстүрін сақтаған.

Әрбір қазақ батыры,
Желбіреткен көк туын.
Кең байтақ жерге қазағым,
Егін егіп, мал жайған.

Күзде піскен егінді,
Жинап алып ас қылған.
Аман болсын ел-жұртым,
Тыныш болсын Отаным.

Eraly  Gani   

Қазақстан

Еш жауға бермес жерімді,
Сақтаймыз өзен-көлімді.
Туылған жерім отаным,
Шексізғой сүйем елімді.

Әрқашан алға тілегім,
Қалайтындай жүрегім.
Отаным үздік ылғида,
Туылған кезден білемін.

Топырағын басасын,
Паналап таумен тасасын.
Дүние жүзі білетін,
Туылған елім жасасын.

Аралап таумен жотаның,
Басқа елдерде жоқ шатағым.
Елімді шексіз сүйемін,
Қазақстан менің отаным.

Алмас Ахметбекұлы

Көк тудың желбірегені

Көк тудың желбірегені —
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.

Көк тудың желбірегені —
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі-
Көк тудың желбірегені.

Көк тудың желбірегені-
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай, қазағым,
Бір сөзге жинал дегені.

Көк тудың желбірегені —
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Азат отанға жете алмай
Көзінің мөлдірегені.

Inauatpazylbek

Жаңа ел, жаңа бағыт бастамамыз

Қасиетіңнен айналдым ұлы далам,
Сенде өткен әз әже, ұлы бабам,
Сен деп отан жазамын арнап өлең,
Жүрегімнен сәбилік туындаған.

Қазақстан отаным асыл ұлы,
Өр мінезді қызы мен батыр ұлы,
Тарихың бар ұлы отан шежірелі,
Сені жырлап тұратын ғасыр үні.

Талапты бір тайыңмын тарыдайын,
Бәйге шапсам сайаңа дамылдайын,
Тауың, суың, орманың бәріде алтын,
Жерің жанат ұлы отан алып айдын.

Шегараны айқындап қойған делгі
Бабалардың батырлық төл еңбегі
Ақорданың алтындап шаңырағын
Ірге тасын кең қойдық керегелі

Елтаңбам бар елболдық егеменді,
Төртеу түгел құбылам теңелгені
Қасым Жомарт атамыз басшы болған,
Ұлы отаным дамиды көгереді.

Жаңа ел жаңа бағыт бастамамыз,
Көктуды желбіретіп аспанға біз,
Қазақпыз дарқан көңіл, жаны таза,
Бар елмен құшақ жайып дос боламыз.

 

Дереккөзі: Bilimall.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *