«Мен – Марк Цукерберг немесе Илон Маск болғым келмейді»
Менің мақсатым –
болашақ Марк пен Илондарды дайындау
Ернұр Рысмағамбет Альберт Эйнштейн, Ричард Фейнман сынды Физика ғылымының ұлы кемеңгерлерінің табаны тиген Калифорния технологиялық институтының қабырғасында Илон Маскпен қатар оқып, бір ұстаздан дәріс алған.
Ернұр «Физика» пәні бойынша Халықаралық олимпиада шыңын қатарынан екі мәрте
бағындырған.
— 10-сыныпта Халықаралық олимпиадада бақ сынап, алтын медальді жеңіп алдым. 11-сыныпта
әлемдік додадан күміс медальмен оралдым. Біздің елде Халықаралық олимпиадада қатарынан жүлдегер атанған маған дейін бір адам болған. Одан кейін ол рекордты мен жаңарттым. Негізі мұны қайталау өте қиын.
Ернұр 11-сыныпта жүргенде әлемдік физика-ның жоғары мектебі — Калтехке шақырту алады.
Калифорния технологиялық институтын «Бизнес экономика және менеджмент» мамандығы
бойынша тәмамдайды.
— Халықаралық олимпиада кезінде Америка Құрама Штаттары командасынан Калтех жайлы
естідім. 11-сыныпқа көшкенде IЕLTS, TOEFL емтихандарынан өтіп, жаңа жылға дейін құжаттарымды тапсырып үлгердім. Көктемде білім грантын жеңіп алғанымды естідім. НАСА-ның ғарыш аппараттарын шығаратын реактивті қозғалыс лабораториясы
осы Калтех институтына тиеслі. Кезінде Альберт Энштейн, Ричард Фейнмандар осы институтта сабақ берген. Біздер олар қалдырған еңбектермен сусындап өстік. Бірақ «физик» боламын деп барып, кейін қаржы бағытына ауысып кеттім. Оқуды тәмәмдаған соң, Нью-Йорк, Калифорнияда қаржы саласында бір жылға жуық жұмыс істедім.
Ернұр шетелге білім алуға кеткеннен кейін ҚР Ұлттық құрамасына жүлде бұйырмаған. Елге
қайтып Ұлттық құрамаға жетекшілік еткенде, ұстаз жеңісін шәкірті қайталайды.
— Қазақстанға оралғанымда «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығынан шақырту алдым. Физикадағы тәжірибемді өзімнен кейінгілермен бөлісуді ұйғардым. 2009 жылдан 2014 жылға дейін Ұлттық құрамаға жаттықтырушы болдым. Халықаралық додада бұған дейінгі менің көрсеткішімді шәкірттерім қайталап, екі мәрте жеңімпаз атанды.
Жаттықтырушы Ұлттық құрамадағы ұзақ жылғы үзіліс сырын жүйелі әдістің болмауымен түсіндіреді.
— Білу және осы білімді пайдалана алу деген екі түрлі нәрсе. Ұлттық құраманы дайындауда өзіндік тәсілімді қолдандым. Нәтижесінде 2009 жылы 2 алтын медаль алдық. 2010 жылы үздік 20 мемле-кеттің қатарына кіріп, 7 орынға табан тіредік. 2014 жылы олимпиада өткізу құқығы біздің елге бұйырды. Кейін Халықаралық олимпиада коми-тетінен ұсыныс түсті. Сонда жұмысқаауысып, балаларды дайындау құқығынан шеттетілдім.
Ол бүгінде Астана Халықаралық қаржы ор-талығының басқарушы директоры қызметін атқарады. Ұстаздық ауылынан алыстамай менторлықты хоббиіне айналдырған.
— Астана Халықаралық қаржы орталығында үздіксіз кәсіби даму бюросының негізін қаладым.
Мұндағы жас мамандар идеяға бай. Тек олардың идеясын жүзеге асыруға көмектесетін ментор қажет. Себебі ойдағыны орындайтын кезде көп қиындықтар туындайды. Идеяны жобаға айналдырып, арзан инвестиция табу жолын іздеу керек. «Өзім білемге» салынбай, үлгілі тұлғалармен пікір алысу керек.
Бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқан Нью-тонның басына алма құлағандай, бала Ернұрды кішкентайында тоқ ұрған екен. Осы оқиғадан кейін физикаға зейін қойса керекті.
— 5 жасымда тоқ ұрды. Аша темір шаш бұйымын «шпилька» дейді ғой» «розеткаға» тығып қалып, ұшып түскенім бар. Физикамен таныстығым осылай басталған. Бала кезімде техникалық құралдарды шашып, жинап жүрдім. Сол кезде-ақ үй ішіндегілер менің қызығушылығымды байқап, инженер болатынымды айтатын. Түннің бір уақытында аспанға қарап, жұлдыздарды көру үшін далаға шыққым келетін. Шетелге олимпиадаға барған шақта отбасымда қысылтаяң кездер болатын. Ата-анам бетімді қайтарған емес, қызығушылығымды қанағаттандыруға бар күштерін салды.
Жаттықтырушының айтуынша, жан-жақты елестету қабілеті жазушылар мен физиктерде болады екен. Баланы мазалаған сұрақтарға ерінбей жауап беріп, өмірді тануына көмектескен жөн.
— Өмірге бала физик болып келмейді, оның зердесін максималды түрде аша білу керек. Баланы
зертханаға апарып, оған тәжірибе жасауды үйрету міндет емес. Қоршаған орта заңымен таныстырып, аспан денелері туралы айтып беріңіз. Зымыранның неге құлайтынын, тікұшақтың неге тік ұшатынын сұрап, логикалық ойлау жүйесін дамытыңыз.
Кейіпкеріміз Paypal, SpaceX, Tesla компанияларының негізін қалаушы, ғарышқа зымыран
ұшырған Илон Маскпен бірге оқып, бір ұстаз алдын көрген.
— Ол кезде 17-18 жастағы бала болдық. Илон Масктың SpaceX компаниясының іргетасын қалап жүрген кезі, бізбен бірге дәріске келетін. Оның ойлауы, елестетуі физикалық қағидаға бағынбайды. Ол — реформатор. Мен өз жобаларымда оның тәсілдерін пайдаланамын.
Замандасы өнертапқыш болғанымен Ернұр Нобельге жоба ұсынбақ емес. Ментор жолын таңдаған оның бұған салмақты жауабы бар.
— Мен ғалым болуды емес ұстаздықты таңдадым. Ғылымға өміріңді арнау бөлек, білгеніңмен
бөлісіп, шәкірт тәрбиелеу бөлек. Мен Марк Цукерберг немесе Илон Маск болғым келмейді. Менің
мақсатым — болашақ Марк пен Илондарды дайындау. Ғылым жолын таңдап, идеяларымды жүзеге асыруға Қазақстанда мүмкіндік жоқ. Алайда мен елімнен кеткім келмейді. Осында қалып білімді азаматтардың санын көбейткім келеді.
Ернұр Рысмағамбет жетісітігінің сырын
үш сөйлеммен түсіндіреді:
1. Ата-анамның «адамның баласы бол»
дегенін үнемі жадымда ұстаймын.
2. Кішкентай кезімде қатарластарым ойнап
жүргенде менің уақытым босқа өтпейтін.
3. Армандап жүре бермеу керек, мақсат
жолында бар энергияны сарп ету керек.
Арайлым Жолдасбай
inform.kz