Шетелде алғаш рет хабар дайындаған қазақ журналисі
Иә, менде болашақта осы саланың тізгінін ұстайтын болғандықтан, көкейімде әрдайым мен үшін кәсіби журналист кім деген сұрақ тұрады. Себебі, өмірде өзіңе ұстаз санайтын бір тұлға болуы керек деп есептеймін. Ал өзімнің осы саламда жарқын тұлға, ұлағатты ұстаз санайтын, «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, Ақсу ауданының «Құрметті Азаматы» Нұртілеу (1952 жыл, Алматы облысы, Ақсу ауданы, Діңгек ауылы, — 17 ақпан 2021 жыл) ағамызды білемін. Ол «Бай қуатты болайық!» — деп әр шығарылымын аяқтайтын, журналистика саласының қара нары Нұртілеу Иманғалиұлы.
Журналистика саласында бұл тұлғаны үлгі тұтар себебім, тарихта өз есімін алтын әріптермен қалдырған тұлға. Сонау 1994 жылдары бүкіл Еуропа аймағын аралап, Германия, Франция, Люксембург, Бельгия, Италия сияқты елдерден өзі оператор, өзі жүргізуші болып Қазақстан халқына хабар таратты. Алғаш рет журналистика саласын өнермен байланытырған жан болды. Тұлғаның есімін елге танытқан «Жадыңда ма, жолдас» — атты бағдарламасы болған. Ол кісі мұнда халық жадынан шығып бара жатқан жандарды еске түсіріп хабар жасады.
Айталық, Люксембургке барып, Азаматтың Айтматовымен жолығып, шет елде камераны автоматты жүйеге қойып сұхбатын жүргізді. Бұл шығарылымы да, халықтың жүрегіне жол тартып, көбісінің көңіліне жылу ұялатты.Одан кейінгі «Хабар» арнасында жүргізіп келген тікелей эфирлері, «Бетпе бет» жобасы көп жастарға тәлім мектебі бола білді… Журналист эфир соңында айтатын сөзі оның жеке қолтаңбасына айналған десек те болады. Яғни Нұртілеу ағамыздың Қазақстан журналистикасында өзіндік қалыптасқан қолтаңбасын ойып тұрып қалдырған тұлға! Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.
Нұртілеу ағамыз мен үшін, нағыз шебер маман иесі, тұғыры биік тұлға. Болшақта ағаның салып берген сара жолымен мен де журналистика саласының кірпіші болып қаланғым келеді…
Журналистика – ол мәңгілік ізденісті жаңашылдық пен шындықты талап ететін сала. Ал менің бұл салаға деген қызығушылығым мен махаббатым әрқашан артып келеді. Халқыма пайдамды тигізер жан бола білу, өз қолтаңбамды қалдыру менің болашақ мақсатым. Сол үшін қазір еңбек етудемін. Ал қазіргі алған білімім мен ізденісім болашақта мені жарқын жолға жетелейтіні сөзсіз!
Нұрай САЙФУЛЛА,
Қызылорда қаласы, Жалағаш ауданы,
Әл-Фараби атындағы
№201 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы