Ұстаздарға мың алғыс

М.Базарбаев атындағы гимназия директоры – Қасымбаев Медет Иманбекұлы, тарих пәнінің мұғалімі – Махаева Айтбала,  директордың оқу — тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары – Божанова Ақмарал, 11 «Б» сыныбының жетекшісі – Күлшайхан Еділ және ата – ана – Ақбаев Тұрлан

Биыл мен Алматы қаласындағы М.Базарбаев атындағы №138 – гимназияның түлегімін. Он бір жылды қалай артқа тастадық? Білінбей  өткен зымыран уақыт бізді де өмірге жеке – жеке қанат қақтырмақшы. Ақындардың дарабозы Мұқағали ағамыз жырлағандай мектепке тарыдай, яғни кішкентай болып келген едік. Есімде, 2012 жылы 1 – қыркүйек Білім күні гимназияның дайындық сыныбына қабылдандым. Шәкірттерін құшақ жая қабылдап, қарсы алған ұстаздарды көрдім. Оқушылар да ұстаздарын алыстан келген ата – анасымен қауышқан балаларындай құрақ ұшқанын байқадым. Мен де сондай ұстаздардан білім алдым. Мектептегі белсенді оқушының бірі едім. Алтын ұямыздан түлеп ұшқалы тұрған шақта ұстаздарыма шәкірттік алғысымды жеткізбек ниеттемін.

Ұстаз – киелі ұғым. Бар адамзат атаулы ата – анадан тараса, әлемде барлық мамандық иелері білім негізін мектептегі ардақты ұстаздардан алады. Шәкірттерін білім шыңына жетелеп, оларға жеке қабілеттерін дамытуға бар мүмкіндікті жасап келеді. Сабақтан тыс уақытта өткізілетін шараларға оқушылар бар ынтасымен қатысады. Спорттық және ұлттық спорт түрлерінен жарысқа қатысқан мектеп оқушыларының барлығы дерлік жүлделі орындарды еншілеп, қайтады. Өзім суға жүзу, шахмат, сурет салу, ән айту үйірмелеріне қатыстым. Мектеп өміріне белсене араластым. Асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан жарысқа қатысып, алдыңғы қатарлы жүлделі орындарды иелендім.

«Алғыр алтау» тележобасына арналған бағдарламаға қатысып, дипломмен марапатталдым. «Домбыра» сыныбын тәмамдадым. Гимназия жанынан құрылған «Алау» көркемөнерпаздар тобының құрамында аудандық, қалалық, республикалық байқауларға қатысып,  жүлдегер атанып, Шымкент қаласы мен Көкшетаудағы «Балдаурен» балалар демалыс орнына жолдама алып, демалдым. Бірнеше рет «М.Базарбаев атындағы» І – дәрежелі степендияны иелендім. Химия, тарих, информатика пәндерінен ғылыми жоба жарыстарына қатысып, еңбегім жоғары бағаланды.

Гимназиядағы қызық балдаурен оқушылық өмірді артқа тастап, мектеппен қоштасқалы отырмыз. Он бір жыл шәкірттері – біздерді ата – анамыздай мәпелеп, білім берген ұстаздарыма шын жүректен алғысымды білдіре отырып, мына қысқа ғана лебізімді арнаймын.

—Егер өмір алтын болса, зергері оның мұғалім,

Егер өмір теңіз болса, гауһары оның мұғалім.

Егер өмір жүзік болса, оның көзі – мұғалім,

Егер өмір ақын болса, оның сөзі мұғалім, — дей келе гимназиямыздың барлық педагог қауымына ғұмыр жастарыңыз ұзақ, денсаулықтарыңыз мықты болсын деп тілеймін. Біз сіздердей асыл жаннан білім алдық деп мақтансақ, сіздер біздің болашақтағы жеткен жетістіктерімізге сүйсініңіздер демекпін. Сіздерге бас иіп, мың алғыс айтамын!

 

Дінмұхамед ШАМШАТОВ,

Алматы қаласы, М.Базарбаев атындағы

№138-гимназияның түлегі.

«Алтын» белгі иегері