Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенатының депутаты: Тәуелсіздігімізді айшықтайтын ұлттық символдарымызға биыл 32 жыл толып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорда төрінде жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен, елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мерекен құттықтады.

«Осы мерекеге орай біз жаңа ғана еліміздің бас байрағын көтердік. Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін», – деді Президент.

Мемлекет басшысы байрағымыздың биікте желбіреп, елдің абыройын асқақтатуы — ата-бабалар аманатына бүгінгі ұрпақтың адалдығын көрсететіне екпін түсіре айтты.

«Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан әлем картасында түрі басқа, тілі бір, діні басқа ділі бір түрлі этнос өкілдерінің бір мақсат, бір мүддеге ұйыстырған мемлекет ретінде танылып, бейбітшілік пен әділдік жолындағы ел екенін дәлелдеп келеді.

«Соның арқасында туымыз жер жүзіне бірлік пен бейбітшіліктің байрағы ретінде танылды. Біз достық қағидатын әрдайым берік ұстанамыз. Қазір бәріміз бір кісідей жұмылып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Баршаға бірдей мүмкіндік беретін қоғам орната бастадық. Аз уақыт ішінде ауқымды саяси реформа жасадық. Жаңа экономикалық бағытымызды айқындадық. Сондай-ақ жас ұрпақтың сана-сезімін жаңғыртып, сапалы ұлт болуға бет бұрдық. Мұның бәрін жүзеге асырып, түбегейлі орнықтыру – оңай шаруа емес. Ол үшін, ең алдымен, ырысты ынтымақ керек. Барша Қазақстан халқының тағдыры – ортақ, болашағы – бір. Сондықтан бір ел, бір халық болып, ту түбінде тұтаса білсек, көздеген мақсатқа міндетті түрде жетеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік рәміздер негізгі құндылықтарымыз бен мұраттарымызды айшықтап, әрқайсымыздың бойымызда елімізге деген шынайы мақтаныш сезімін оятатынын жеткізді.

Бүгін Қазақстанның көк байрағы әлемнің әр түкпірінде, еліміздің ауыл-қалаларында желбіреп, арнайы рәміздер күніне орайластырылған түрлі іс-шараларда әнұранымыз шырқалатыны сөзсіз!

…Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің – Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар7

Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай.

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!.