Менің ана тілім!

   Шексіз бай, тегеурінді,аса мықты тіл. Өмірдің қыр сырын, түсінуіме, білуіме себепші болған осы қазақ тілім! Мынау жарық дүниеге келген күннен бастап, анамның ақ сүтімен бойыма сіңіріп келе жатқан тілім мен үшін аса құнды, баға жетпес қазына.

   Қазақ тілі сонау  ерте заманнан ұрпақтан ұрпаққа мирас ретінде қалдырып отырған жәдіргер.Мен өз ана тілімді бабамнан қалған көз, мұра деп білемін. Демек,ана тілін көзіміздің қарашығындай қорғап, оның пәктігін таза ұстауға міндеттіміз.

  Амал қанша, кейбір балалар, жасөспірімдер, тіпті жоғарғы дәрежедегі біз саналы деп танитын адамдардың өзі де туған тілінде сөйлемейді. Бес саусақ бірдей болмағандықтан бәріне бірдей күйе жаққанымыз қателік деп ойлаймын.

  Алайда, туған тілімізге егде ұлттың тілінің сөздерін араластырып сөйлейтіндерді жиі көремін.Тіпті,туған тілінде сөйлеуге ұялып, туған тілінен безген сорақы сұмдыққа да көп кез боламын.Осындай кезде, қазақ тіліне менсінбеушілікпен қараған пенделерге қарап тұрып, белгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік» деген сөзі еріксіз еске түседі.

   Ана тіл і- ар өлшемі. Ана тілінің тұнығына өшпес қара дақ салу,тәнің менен арыңа май түскенінің айғағы. Ең жақсы адам ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілдерді меңгеруіңе шектеу болмайды, керісінше сені адамгершілікке,шын патриот болуға жетелейді.

  Ана тілі теңіз. Оның иірімдеріне бойлай білу саналы адам болғысы келетін адамның ең алғашқы борышы болып саналады. Ана тілі туралы жырлаған ақындарымыз аз емес. Ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев та өз ана тіліне деген махаббатын:

                    «Мен оның күнін сүйем,түнін сүйем,

                     Ағынды өзен, асқар тау,гүлін сүйем,

                     Мен оның қасиетті тілін сүйем,

                     Мен оның құдіретті үнін сүйем»,

деп өлеңіне қосқаны белгілі. Не де болса тіл, бұл біздің егеменді мемлекет екендігіміздің белгісі.Қандай жағдай болмасын Абай — әрлеген, Жамбыл — жырлаған тіл мәңгілік мемлекеттің, мәңгілік қазынасы болып қала бермек.

Маратқызы Құндыз

6 «А» сынып оқушысы

«Farabi  shakirti» журналының жас тілшісі.